Желіде профессор Дәметкен Сүлейменова Батыс Қазақстан облысының тумасы Айнар Асхатұлы Ахметовты іздеп мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, Айнар Ахметов Каспийдегі оқиға кезінде өз күшімен жағаға аман шыққан. Сонымен қатар ол қасындағы әскери қызметшіге көмектесуге тырысқанымен, оны жағаға алып шыға алмаған.
Дәметкен Сүлейменова сарбаздың отбасы қазір оның жағдайына алаңдап отырғанын жеткізді. Айнар Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Тоғанас елді мекенінен. Оның әкесі – II топтағы мүгедектігі бар азамат, анасының денсаулығында кінәрат бар әрі көпбалалы ана.
«Ол өз күшімен жағаға аман шыққан және қасындағы жолдасына көмектескен, бірақ оны алып шыға алмаған. Айнар – БҚО, Сырым ауданы, Тоғанастан. Ахметов Айнардың әкесі II топтағы мүгедек, анасы ауырады, көпбалалы ана. Олар баласымен хабарласа алмай отыр. Тек кеше кіші қарындасымен 1-2 минут сөйлескен, сосын хабар үзілген. Қазір желіде тірі қалғандар үш сарбаз деп көрсетілуде. Біздің туысымыз сонда тізімде жоқ па, бұл қалай? Айнар кеше сөйлескенде дірілдеп, дұрыс сөйлей алмай тұрған сияқты деп қарындасы айтып отыр», – деп жазды профессор.
Министрлік не дейді?
Қазақстан Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, екі әскери қызметші де аман-есен әскери бөлімде жүр және қызметін жалғастырып жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығуға қатысты түрлі ақпарат тараған. Атап айтқанда, профессор Дәметкен Сүлейменова туысы Айнар Ахметовтің жағдайына алаңдап, оның өз күшімен жағаға шыққаны туралы жазған.
Алайда Қорғаныс министрлігі бұл мәліметтерді жоққа шығарды. Ведомствоның хабарлауынша, Ахметов пен Мағауия теңізде емес, жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған.
«Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындады. Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды. Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр», – делінген министрлік хабарламасында.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде аталған әскери қызметшілерге қатысты тараған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Не жағдай болды?
Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында болған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Оның үшеуі құтқарылды, 14 әскери қызметші қаза тапты.
25 қыркүйекте із-түзсіз жоғалған соңғы екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды. Осыдан кейін іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.
Аман қалған үш әскери қызметшінің бірі – Ақжол Темірәлиев, екіншісі – Никита Удалов. Никита Удалов дәрігерлердің бақылауында, жағдайы жақсы екені хабарланды.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.
Сонымен қатар оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты бірқатар лауазымды тұлға ұсталды. Ішкі істер министрлігі іске қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтау бойынша тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.
25 қыркүйек Қазақстанда Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетіні айтылды.
Айта кетейік, кеше ғана мемлекет басшысы Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.