Журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желіде 29 жастағы егіздердің анасының қайғылы қазасы туралы жазба жариялап, марқұмның туыстары әділ тергеу жүргізілуін сұрап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Журналистің айтуынша, оған марқұм әйелдің жақындары хабарласып, көмек сұраған. Ресми мәлімет бойынша әйел өз-өзіне қол жұмсаған деген болжам айтылғанымен, туыстары бұл нұсқамен келіспейтіндерін жеткізген.
Гүлмира Әбіқайдың жазуынша, марқұм үш жыл бұрын тұрмысқа шыққан, артында екі жасар егіз ұл мен қызы қалған. Туыстарының сөзінше, әйел осы уақытқа дейін күйеуінен көрген зорлық-зомбылықты ешкімге айтпай келген.
Олардың айтуынша, қайғылы оқиға алдында әйел үш әпкесін WhatsApp арқылы бейнеқоңырауға қосып, денесіндегі жарақаттарды көрсеткен. Әпкелерінің сөзінше, оның мойны мен қолдары таңылған болған. Сол сәтте әйел күйеуінің өзін үнемі ұрып-соғатынын айтып, балаларын туыстарына аманаттап, өмірмен қоштасқан.
Марқұмның туыстары мәйітті көрген кезде денесінде көптеген көгерген іздер болғанын, сондай-ақ қолының сынғанын айтқан. Олар істің жан-жақты әрі объективті тергелуін талап етіп, оқиғаның толық мән-жайы анықталмай жатып жабылып қалуынан қауіптенетіндерін жеткізді.