Желіде жылқышы Рахат Сәрсеновтың видеосы тарады, деп хабарлайды ult.kz.
«Рахат атамызды сағынып жүрген жандарға бір видео салып қояйық. Атамыз аман, көңіл-күйі жақсы. Сіздердің ыстық ықыластарыңыз бен ақ тілектеріңізді сезініп жүр. as_nur_dent стоматологиясы атамызға арнайы протез дайындап жатыр. Бұйырса, жақында жаңа тістері дайын болады», - деп жазды желі қолданушысы.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында 100 жылқыны иемденді деген айыппен 7 жылға сотталған 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсенов апелляциялық сот шешімімен бостандыққа шықты.
Рахат Сәрсенов 1993 жылдан бері жергілікті шаруаның жылқысын бағып келген. Биыл мамырда Мұғалжар аудандық соты оны сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденді деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың шамамен 30 миллион теңге көлеміндегі азаматтық талабы қанағаттандырылған.
Алайда сотталушы тарап үкімге шағым түсіріп, істі апелляциялық тәртіппен қайта қарауды сұраған.
Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы істі қайта қарап, айыпты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінен 1-бөлігіне қайта саралаған. Сот материалдары бойынша 100 жылқының барлығын иемдену фактісі дәлелденбеген. Апелляциялық сатыда бір жылқыға қатысты ғана шығын келтірілгені анықталған.
Осыған байланысты Рахат Сәрсеновке 7 жылдық бас бостандығынан айырудың орнына 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Кейін рақымшылық туралы заң қолданылып, жаза мерзімі 3 айға қысқартылған. Тергеу изоляторында болған уақыты есепке алынғандықтан, жаза өтелді деп танылып, жылқышы сот залынан бірден босатылған.
Сондай-ақ материалдық шығын көлемі бастапқыдағы шамамен 30 миллион теңгеден 600 мың теңгеге дейін төмендетілген.
Осылайша, Рахат Сәрсенов толық ақталған жоқ. Апелляциялық сот 100 жылқыға қатысты айыпты алып тастап, бір жылқыға қатысты істі ғана дәлелденген деп таныған.