Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

“Екеуміз бірге қыдырмағалы біраз болыпты”: Мейрамбек Бесбаевтың жары сыр бөлісті

“Екеуміз бірге қыдырмағалы біраз болыпты”: Мейрамбек Бесбаевтың жары сыр бөлісті
Фото: әлеуметтік желі

Қазақстанның танымал әншісі Мейрамбек Бесбаевтың жары Мархабат Бесбаева жұбайымен бірге Италияға саяхаттап барғанын айтып, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің жары әлеуметтік желідегі парақшасында Милан қаласынан сәлем жолдап, күнделікті күйбең тіршіліктен қол босамай, ерлі-зайыптылардың бір-біріне уақыт бөле алмай қалатынын жеткізді.

«Екеуміз бірге қыдырмағалы біраз болыпты. Үй, бала-шаға, жұмыс деп жүріп, уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қаламыз. Кейде осылай бәрін бір сәтке ұмытып, екеумізге де уақыт бөліп тұрған жақсы екен. Миланнан сәлем! », – деп жазды Мархабат Бесбаева.

Осылайша әншінің жары отбасылық міндеттер мен күнделікті қарбаласқа қарамастан, ерлі-зайыптылардың оңаша қалып, бірге демалуы да маңызды екенін аңғартты.

Айта кетейік, Ринат Зайыт сарбаздардың ата-аналарына үн қатты. 

Мейрамбек Бесбаев кім?

Мейрамбек Бесбаев – қазақ эстрадасының танымал әншісі, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «МузАРТ» тобының мүшесі. Ол қазақтың дәстүрлі ән өнері мен заманауи эстраданы ұштастырып, өзіндік орындау мәнерімен халықтың ықыласына бөленген өнер иесі.


Әнші 1976 жылы қарашада Жамбыл облысында дүниеге келген. Бала күнінде ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Өнерге деген қызығушылығы ерте оянып, қаршадайынан ән салып, көпшілікке таныла бастады. Әсіресе Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» әнін орындап, елдің сүйіктісіне айналды.

Тараз қаласындағы Глинка атындағы музыка мектебінің қобыз сыныбында білім алған. 1989 жылы Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебіне ауысқан. Кейін Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында актерлік шеберлік бойынша білім алды.

Алғашқы еңбек жолын Сүйінбай атындағы филармонияда әнші болып бастады. 2001 жылы Сәкен Майғазиев және Мақсат Базарбаевпен бірге «МузАРТ» тобын құрды. Кейін Мақсат Базарбаевтың орнына Кенжебек Жанәбілов келді.

Мейрамбек Бесбаев әншіліктен бөлек, кино саласында да бағын сынаған. Ол «Қоштасқым келмейді», «Ғашық жүрек», «Ғашық жүрек – 2» фильмдеріне түскен.

Өнер иесі – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. 2012 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. 2026 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.

Әнші 2004 жылы өзінен он жас кіші Мархабат есімді арумен шаңырақ көтерген. Бүгінде ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп отыр. Тұңғыш қызы – Кәусар, ұлы – Әбухайыр, кенже қызы – Айзия. 2024 жылы үшінші перзентін сүйген әнші биыл 50 жасқа толды.