Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Студенттерге буллинг пен ақша бопсалау туралы ескерту жасалды

Студенттерге буллинг пен ақша бопсалау туралы ескерту жасалды
ашық дереккөз

Қазақстан Ішкі істер министрлігі студенттер мен жоғары оқу орындарының басшылығына үндеу жасады. Ведомство жастар арасында зорлық-зомбылыққа, буллингке, қорқыту мен ақша бопсалауға жол бермеу керектігін ескертті, деп хабарлайды ult.kz.

ІІМ мәліметінше, оқу жылы басталғалы студенттер арасында және оқу орындарында 566 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 дерегі және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 дерегі анықталған.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітіліп, кіру-шығу тәртібі күшейтілген. Сонымен қатар жыл басынан бері 207 профилактикалық іс-шара өткізілген. Оның аясында студенттермен және оқытушылармен кездесулер, дәрістер мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған.

ІІМ жоғары оқу орындарының басшылығына зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауды, студенттердің шағымдарына бейжай қарамауды тапсырды. Ведомство өкілінің айтуынша, оқу орнының беделі жастардың қауіпсіздігінен жоғары тұрмауы керек.

«Әрбір хабарламаның артында адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп болуы мүмкін. Студенттерге де жеке тоқталғымыз келеді. Ешкімнің сіздерді қорлауына, қорқытуына немесе заңсыз әрекеттер жасауға мәжбүрлеуіне жол бермеңіздер. Егер зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе ақшалай қысым көрсету құрбаны не куәгері болсаңыздар, дереу полицияға хабарласыңыздар», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина.

Сондай-ақ ол студент мәртебесі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын еске салды. Заң бұзғандар тиісті жауапкершілікке тартылады. Ал өрескел құқық бұзушылықтар болған жағдайда оқу орындары студентті оқудан шығару мәселесін қарастыра алады.