Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 60 жастағы шетел азаматы Петра Ноені іздеуге жариялады. Бұл туралы іздеуде жүрген адамдардың деректер базасында ақпарат пайда болды, деп хабарлайды ult.kz.
Жарияланған мәліметке сәйкес, іздестіру ісі 2026 жылғы 28 қарашада тіркелген. Іздеу бастамашысы – ҰҚК. Ал іздестіру жұмыстарын ведомствоның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр.

Алайда деректер базасында әйелдің азаматтығы, іздеуге жариялану себебі, Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша күдікке ілінгені және процестік мәртебесі көрсетілмеген.
Tengrinews.kz басылымының мәліметінше, редакция ҰҚК баспасөз қызметіне ресми сауал жолдаған.
Петра Ное туралы не белгілі?
Ашық дереккөздерде есімі мен тегі сәйкес келетін адамның мәліметтері табылған. Атап айтқанда, Петра Ное (Petra Noé) «Жайықмұнай» ЖШС-нің 2015 жылғы 1 сәуірдегі үлестес тұлғалары туралы есебінде кездеседі. Құжат Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған.
Басылым зерттеген құжатқа сәйкес, ол бірнеше компанияда басшылық қызметтер атқарған. Олардың қатарында:
- Probel Capital Management N.V. (Бельгия);
- Nostrum Oil & Gas UK Limited (Ұлыбритания);
- Nostrum Services N.V. (Бельгия);
- Nostrum Services CIS BVBA (Бельгия) бар.
Сол құжатта бельгиялық кәсіпкер Фрэнк Монстрейдің де есімі аталады. Екеуі Nostrum тобына кіретін екі компанияның басшылары ретінде көрсетілген.
Дегенмен құжаттағы мәліметтердің іздеуге жарияланған әйелге тиесілі екені әзірге ресми расталмаған.
Еске салайық, 2026 жылдың мамырында ҰҚК «Жайықмұнайдың» бұрынғы иесі, бельгиялық инвестор Фрэнк Монстрейді іздеуге жариялағаны хабарланған болатын. Кейін ол Қазақстанның сұрауы бойынша Ресейде де іздеуге жарияланды.
Алайда Петра Ное мен Фрэнк Монстрейге қатысты іздестіру істерінің арасында тікелей байланыс бар екені ресми түрде расталмаған.