Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

BilimClass білім беру платформасына хакерлік шабуыл жасалды

BilimClass білім беру платформасына хакерлік шабуыл жасалды
Lada.kz

Қазақстандық BilimClass білім беру платформасына 29 қарашаға қараған түні хакерлік шабуыл жасалды. Компания шабуылдан кейін оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің деректерін қорғау шараларын қолға алып, оның салдарын тексеріп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

BilimClass мәліметінше, шабуыл 29 қараша күні сағат 01:09-да болған. Таңғы сағат 09:00-дегі жағдай бойынша, белгісіз адам аударымдар сервисіне қол жеткізіп, кейбір оқу пәндерінің атауын өзгерткен.

Компания шабуылдан кейін платформаның жұмысын қалпына келтірген. Алайда оқиғаның мән-жайы мен ықтимал салдарын тексеру жалғасып жатыр. Бұл туралы BilimClass өкілдері Threads әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.

Бастапқы мәлімдемесінде компания пайдаланушылардың жеке деректеріне қатысты ақпаратты тексеріп жатқанын айтқан болатын.

Кейінгі ресми ақпаратқа сәйкес, кибершабуыл жасаушылардың платформаға уақытша әрі шектеулі қол жеткізуі пайдаланушылардың деректеріне әсер етпеген. Компания барлық мәлімет қорғалғанын мәлімдеді.

«Барлық пайдаланушымыздан кешірім сұраймыз. Сіздердің алдарыңыздағы жауапкершілікті толық түсінеміз. BilimClass платформасын қауіпсіз әрі ыңғайлы пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету – басты басымдығымыз», – делінген компания хабарламасында.

Платформа өкілдері тексеру жұмыстарының нәтижесі туралы қосымша ақпарат беруге уәде етті. Сондай-ақ сұрақтары бар пайдаланушыларды қолдау қызметіне хабарласуға шақырды.

Еске салайық, 27 қарашада BilimClass платформасында ақау туындап, қолданушылар жүйеге кіру, бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмаларын көру кезінде қиындықтарға тап болған. Кейін платформа пайдаланушылардың деректері сақталғанын және ақпараттың сыртқа таралмағанын мәлімдеген еді.