Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

“Балам қайда кетті деп алаңдамаңыздар”: Ринат Зайыт сарбаздардың ата-аналарына үн қатты

“Балам қайда кетті деп алаңдамаңыздар”: Ринат Зайыт сарбаздардың ата-аналарына үн қатты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының сарбаздары әскери ант қабылдады. Салтанатты рәсімде орталық басшысы, белгілі айтыскер ақын Ринат Зайыт әскери қызметке аттанған жастардың ата-аналарына үн қатты, деп хабарлайды ult.kz.

28 қарашада өткен шарада Ринат Зайыт ұлдарының амандығына алаңдаған ата-аналарды уайымдамауға шақырып, балаларын сенімді қолға тапсырғандарын жеткізді.

Әскери ант қабылдау – жас сарбаздардың өміріндегі маңызды белестердің бірі. Осы сәттен бастап олар Отан алдындағы борышын адал атқаруға, елін қорғауға және әскери тәртіпті сақтауға міндеттеледі.

Айта кетейік, бұрынғы Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт биыл қазан айында Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы қызметіне тағайындалған. Ол Қорғаныс министрінің шақыруымен аталған қызметке келгенін «Adal ADAM» YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеген.

Орталық әскери ансамбльдер мен оркестрлердің жұмысына, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға, сондай-ақ жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге жауапты.

Айта кетейік, “Күлпәш” фильмінің көрсетілім саны көбейді. 

Ринат Зайыт кім? 
 


Ринат Рифхатұлы Зайытов – қазақтың танымал айтыскер ақыны, актер, ән мәтіндерінің авторы, қоғам қайраткері және Мәжілістің бұрынғы депутаты. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығын басқарады.

ҚазАқпараттың мәліметінше, ол 1984 жылы 14 қарашада қазіргі Абай облысының Аягөз ауданына қарасты Өркен ауылында дүниеге келген.

Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжде драма актері мамандығын меңгерген. Кейін Семей педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Бизнес және басқару саласының магистрі.

Еңбек жолын 2001 жылы «Дариға-ай» жастар театрында актер болып бастаған. Кейін аталған театрдың көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. 2021–2023 жылдары «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры болған.