Ауғанстанның шығысындағы Құнар провинциясында болған жойқын жарылыс салдарынан кемінде 10 оқушы қаза тауып, 110-ға жуық адам жарақат алды, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы жағдай 28 қарашада Асадабад қаласында тіркелген. Жарылыс орта мектепке жақын орналасқан тұрғын үйде болған. Зардап шеккендердің дені – балалар.
Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, аталған үйде кен өндіруге арналған жарылғыш заттар сақталған.
Ауғанстан Ішкі істер министрлігінің өкілі Абдул Матин Кани алдын ала тергеу нәтижесінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмағаны анықталғанын жеткізді. Қазір жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Айта кетейік, Құнар провинциясында бағалы тастар өндіру кеңінен қолға алынған. Алайда кен өндіру барысында қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарау адам өліміне әкелетін қайғылы оқиғаларға себеп болып жатады.