Наташа Қалымбетова зорланғаннан кейін дүниеге бала әкелгені белгілі болды. Қазір ол баласын іздеп жүр. Бұл туралы #Немолчи қоры жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
1994 жылдың қарашасында Ақжайық ауданына қарасты ауылда тұратын 17 жастағы Наташа сыныптасының үйіндегі кештен қайтып келе жатқанда төрт ер адам ұстап алып кетіп, Жайық өзенінің жағасында зорлық-зомбылық жасап, ұрып, азаптаған. Кейін қылмыскерлердің біреуі оны тағы зорлап, өзенге өлуге тастап кеткен.
Аман қалған Наташа Қалымбетова артқы есіктен үйіне кіріп, анасының жұмысқа кеткенін күткен. Сосын құдықтан су әкеліп зорлық іздерін жуып-шаюға тырысқан.
Бірнеше күн ол анасынан жасырынып жүрген. Денесінде зорлық-зомбылық пен ұрып-соғу іздері көп болған. Тіпті жағы да сынған көрінеді.
Оқиға мұнымен аяқталмаған. Наурыз айында төрт зорлықшы Наташаны тағы да аңдып жүріп, ұстап алып, қорқытып-үркітіп тағы зорлаған.
Жігіттердің бірі оның кластасының ағасы болған.
Оқиға болған кезде Наташаның ағалары қалада оқып, жұмыс істеп жатқан.
Оқиғаны анасы да, ағалары да ақыры біледі. Бірақ олар ештеңе болмағандай үнсіз қалады, тіпті анасы бұл оқиға туралы айтуға тыйым салады.
Кейін Наташа Қалымбетова мектеп бітіріп қалаға оқуға кетеді. Мән-жайды баяндаған #Немолчи қорының деректері бойынша оқып жатқанда Наташаның аяғы ауыр екенін біліп, 1995 жылдың 30 желтоқсанында қыз баланы дүниеге әкеледі.
Анасы баланың "көзін құрт" дейді, ал өзінің нәрестемен баратын жері жоқ болады. Оның үстіне бұл бала оған сол бір қорқынышты оқиғаны есіне түсіріп тұрады.
Оған баладан бас тарту туралы қолхат әкеліп береді, Наташа оған қол қояды. Бірақ перзентханада жатқан тоғыз күнде Қалымбетова баланы емізіп, бауырына басып, жылап жатады. Бірақ баладан бас тарту бойынша құжатқа қол қойып қойған.
Артынан қызын қайтарып алмақшы болған әрекетінен ештеңе шықпайды. Оны өз оқып жатқан колледждің кураторы да, қалада тұрып жатқан ағасы да қолдамайды. Ал жатаханада бірге тұратын қыздар теріс айналады.
Нәрестені сәбилер үйіне ауыстырған. Наташа онда аптасына үш рет барып тұрады. Ол қызына өз тегін берген. Бірақ кейін сәбиді басқа отбасы асырап алып кеткен.
Биыл сәуірде Наташа Қалымбетова өзінің 17 жасында зорланғанын, қылмыскерлердің әлі жазасыз жүргенін айтып видео түсіріп, желіге жүктеген. Ол видео қоғамда резонанс тудырды.
Артынша БҚО полиция басқармасы істі тергеуге алады.
Наташа Қалымбетова Оралға келіп арнайы тергеу амалдарына қатысады. Сол кезде ауруханадан қызын Боуг тегімен асырап алғаны белгілі болады. Қыздың жаңа тегі кириллица Һарпімен жазылған, бірақ қыз тірі ме, жоқ па, тірі болса қай жақта екені белгісіз.
Боуг фамилиясы латын Һарпінде Boug, Bouwg немесе Bouk болуы мүмкін деп топшылайды.
"Наташа Америкада асырап алынған балалар мен есейген жетімдердің видеоларын үнемі қарайды. Ол түрлі топтар мен чаттарға мүше болып, қызын іздеумен келеді. Бірақ әлі күнге дейін таба алмай жүр" деп жазады #Немолчи қоры әлеуметтік желідегі парақшасында.