Жігіттер тобының солисі Айдар Тұрғанбек жұбайы туралы ашық айтты

Жігіттер тобының солисі Айдар Тұрғанбек жұбайы туралы ашық айтты
Сурет ашық дереккөзден алынған

«Жігіттер» тобының солисі, әнші Айдар Тұрғанбек әлеуметтік желіде жариялаған видеосында жеке өміріне қатысты қызықты оқиғамен бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz, Sn.kz-ке сілтеме жасап.

Өнер иесі алғашында анасының үнемі үйленуге үндегенін айтып, болашақ жарын іздеу оңай болмағанын жеткізді.

«Менің үйленуім бір қызық болды. Менің анам “үйлен, үйлен” деп күнде айтатын. Үйленетін кезде қыз жоқ болып қалады. Сонымен анам екеуміз бірге іздедік. Алматыдағы бүкіл оқу орнына барып, қыз таба алмадық», - дейді әнші.

Айтуынша, бір күні анасын көлікпен алып келе жатқанда аялдамада тұрған екі қызды байқап қалған.

«Көлікпен анамды салып алып келе жатқан кезде аялдамада әп-әдемі екі қыз тұр екен. Анам “Ұнады ма?” деп сұрады. “Ұнады” дедім. “Онда тоқта” деп түсіп қалып, қыздармен бірге анам автобусқа мінді. Қыздардың телефон нөмірлерін жазып алып, әкеліп берді. Мен хабарласқан кезде сөзіміз жараспады. Солай ол қыздар болмай қалды», - деп еске алды ол.

Кейін әншінің туған қарындасы болашақ жарының суретін көрсеткен.

«Кейін өзімнің туған қарындасым жұбайымның суретін жіберді. Маған ұнап қалды. Солай Астанаға бардым. Ол Астанада оқитын Шымкенттің қызы. Солай екеуміздің сөзіміз жарасып, керемет сөйлестік. Үш-ақ рет кездестік. Ол Шымкентке демалысқа келген кезде мен келісіммен алып қашып кеттім», - деді Айдар Тұрғанбек.

Желі қолданушылары әншінің оқиғасына жылы пікір білдіріп, отбасына бақыт тілеп жатыр.