Ішкі мәдениет — ата-ана нақты “былай істе”, “бұлай істеуге болмайды” деп үйреткенінен бөлек, анағұрлым терең нәрсе. Ішкі мәдениет бұл бала кезде ата-әже, ата-ана, мектеп айтқан талай тәрбиелік әңгіменің, қоғам көрсеткен бірақ айтпаған мыңдаған көріністің ішінен адамның бойында қалып қойған ішкі өлшем.
Мәселен «Мұны дұрыс емес жасауға болады, бірақ жасамаймын», «Ешкім көріп тұрған жоқ, бірақ бұл әрекетім дұрыс болмас». Яғни адамның ішінде бір көрінбейтін бақылаушықалыптасады. Қазіргі заманда мұны ішкі фильтр деп те атаймыз
Әдетте қате жасауға, көптің алдында ұятқа қалуға қорқамыз. Ата-анамыз біліп қойса, ауылдағылар айтып барса, көршіміз көріп қойса, әлеуметтік желіге шығып кетсе Құдай сақтасын дейміз. Жұрттың сөзі, көзі бізді кей қателіктерден сақтап тұрады. Бірақ “Егер біздің әрекетімізді ешкім көрмесе, ата-анамыздың кім екенін білмесе, ауыл, елден жырақ жүргенде бәрібір сол әрекетті жасар ма едік?» Осы сұрақтың жауабы әркімнің ішкі мәдениеті.
Қазір жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Ол әлеуметтік желі. Мұнда адамның бет-жүзі көрінбейді. Дауысын да естімейміз. Кей қолданушылар өз атын жасырып отыратыны тағы бар. Содан болар әйтеуір пікір білдірудің алаңы деп, басқа тараптың көңіліне келер ойларды оңай жазады. Бірақ көз көріп тұрмаса да жазылған пікірден-ақ сол адамның ішкі мәдениеті анық көрініп тұрады.
Абзалында
Біз мәдениеттілікті көбіне үлкен нәрселерден іздейміз. Қазіргі тренд мысалы кітапқұмар болу, театрға бару, өнертану, әдемі сөйлеу және т.б. Алайда адамның ішкі мәдениеті тура екі ел арасындағы саяси әдеп секілді қатынаста еш тараптың көңіліне келмей, нәзік шекараларды бұзып алмай сөйлеп, әрекет етуден тұрады. Мұндай қатынастан адамның ой-өрісі, дүниетанымы, ниеті айқын көрінеді. Сол себепті бір қоғамда көппен бірге үйлесімді өмір сүру үшін өз еркіндігіміз бен өзгенің шекарасының арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтай білу өнерін әрқайсымызға меңгерген жөн. Әрі бұл қасиет әр адамның айнасы екендігін есте ұстайық.