Жетісу облысында теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланы жүк пойызының машинисі байқап, қауіптің алдын алды. Оқиға 20 қыркүйекте Сарыөзек – Үштөбе теміржол учаскесінде болған, деп хабарлайды ult.kz.
ҚТЖ мәліметінше, кішкентай бала иен далада жалғыз өзі Айнабұлақ станциясына қарай кетіп бара жатқан. Осы сәтте Тауарасы – Айнабұлақ аралығымен келе жатқан жүк пойызының машинисі оны теміржол маңынан байқап қалған.
Пойыз сол сәтте сағатына шамамен 38 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Машинист бірден тежегішті басып, құрамды тоқтатқан. Кейін баланы локомотив кабинасына отырғызып, жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған.
Айнабұлақ станциясына жеткен соң төрт жасар бала кезекші қызметкерге тапсырылды. Станция қызметкері оның ата-анасымен байланысқан.
Ал баланың иен далаға қалай шығып кеткені және теміржол маңында не себепті жалғыз жүргені әзірге белгісіз.