Жер астындағы өлім: Тарихтағы ең ірі шахта апаттары

Жер астындағы өлім: Тарихтағы ең ірі шахта апаттары
Фото: видеодан кадр

Шахтадағы апаттың ең қорқыныштысы – адамның жердің ондаған, кейде жүздеген метр астында қалып қоюы. Жер үстінде болған оқиғадан айырмашылығы, мұнда құтқарушыларға жетудің өзі үлкен сынақ. Бір жерде төбе опырылып, жолды тас пен көмір басып қалса, енді бірінде жарылыстан кейін улы газ тарайды. Кейде шахтаға су кіріп, адамдар шығатын жолды жауып қалады.

ХІХ–ХХ ғасырларда мұндай апаттар әлемнің көптеген елінде мыңдаған адамның өмірін қиды. Кейбір кеншілер бірден қаза тапса, енді бір бөлігі жарылыстан аман қалғанымен, жер астында газдан уланып, түтінге тұншығып немесе опырылған тоннельдердің астында қалып көз жұмған. Төменде әлем тарихындағы адам өлімі ең көп болған шахта апаттарының бірнешеуі берілген, деп хабарлайды ult.kz.

Франция: бір күнде 1099 кенші қаза тапқан апат

1906 жылғы Курьер шахта апаты Еуропа тарихындағы ең ірі тау-кен апаттарының бірі саналады. Оқиға Францияның солтүстігіндегі Пас-де-Кале өңірінде болған.

1906 жылғы 10 наурызда шахтада көмір шаңының жарылысы орын алып, жер астындағы бірнеше шахта бөлігі бірінен соң бірі апатқа ұшырады. Сол кезде жер астында шамамен 1700 адам болған. 1099 кенші қаза тапты. Бұл – Франциядағы ең ауыр тау-кен апаттарының бірі. 

Апатқа дейін шахтада бірнеше күн бұрын өрт шыққан. Оны тоқтату үшін шахтадағы ауа жолдарын жабуға әрекет жасалған. Алайда 10 наурыз күні таңертең болған жарылыс жағдайды күрт ушықтырды.

Жарылыстың күші соншалық, шахтадағы көтергіш құрылғыларға дейін зақым келген. Кейбір кеншілер бірден көз жұмса, басқалары жер астында қалған.

Қайғылы оқиғадан кейін шахта маңындағы елді мекендерде қаралы көрініс қалыптасты. Жақын маңдағы Мерикур, Саломен және Билли-Монтиньи ауылдарының жүздеген тұрғыны туыстарынан айырылды. Францияның Пас-де-Кале мұрағаттарында апаттан кейінгі жерлеу рәсімдерінің тарихи суреттері бүгінге дейін сақталған. 

Қытай: шахта ішіндегі ең ірі қырғындардың бірі

1942 жылғы Бэньсиху шахта апаты адам өлімі бойынша әлемдегі ең ауыр тау-кен апаттарының бірі болды.

Оқиға 26 сәуірде қазіргі Қытайдың Ляонин провинциясындағы Бэньсиху көмір шахтасында болды. Апат кезінде шахтада мыңдаған жұмысшы болған. Көмір шаңы мен газдың әсерінен жерасты бөлігінде өрт пен жарылыс тараған.

Ресми деректер бойынша, 1549 адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіш Бэньсиху апатын шахта тарихындағы ең көп адам қаза тапқан апаттардың біріне айналдырды. 

Апаттың қайғылы тұсы – шахтадағы адамдардың барлығы бірдей жарылыстан бірден көз жұмбаған. Жер астында улы газдың таралуы жағдайды одан әрі ауырлатқан.

Кей деректерде шахтадағы өртті тоқтату үшін желдету жүйесін тоқтатып, шахтаны оқшаулауға әрекет жасалғаны айтылады. Бірақ бұл әрекет жер астында қалған адамдар үшін жағдайды одан сайын қауіпті еткен. 

Бұл апаттың құрбандарының басым бөлігі – қарапайым кеншілер. Олардың көпшілігі отбасы үшін нәпақа табу мақсатында жер астына түскен жұмысшылар еді.

АҚШ: бір шахтаға түскен жүздеген адам қайта оралмады

1907 жылғы Мононга шахта апаты АҚШ тарихындағы ең ауыр тау-кен апаты ретінде АҚШ Еңбек министрлігі тарапынан аталады.

Оқиға 1907 жылғы 6 желтоқсанда Батыс Вирджиния штатындағы Мононга қаласында болды. Fairmont Coal компаниясына тиесілі №6 және №8 шахталарында жерасты жарылысы болған. 362 ер адам мен бала қаза тапты. 

Жарылыс шахтаның жерасты бөлігін қиратып, кіреберістерге де үлкен зақым келтірген.

Құтқарушылар шахтаға түскен кезде жағдай өте ауыр еді. Жарылыстан кейін улы газдар тараған. Кейбір жұмысшылар бірден көз жұмса, тағы бір бөлігі газдан уланып немесе тұншығып қайтыс болған.

Ең ауыр жайттардың бірі – шахтада ресми тіркелген жұмысшылардан бөлек, жасөспірімдер мен туыстарының да болғаны. Сондықтан апаттан кейін нақты қанша адамның жер астында қалғанын анықтау қиынға соққан. АҚШ-тың еңбек қауіпсіздігі жөніндегі тарихи материалдарында 362 адамның мәйіті шығарылғаны көрсетіледі. 

Бұл трагедия АҚШ-тағы шахта қауіпсіздігіне деген көзқарастың өзгеруіне әсер етті. Апаттан кейін шахталардағы қауіпсіздік мәселесі ұлттық деңгейде көбірек талқыланып, 1910 жылы АҚШ-тың Тау-кен бюросының құрылуына ықпал еткен факторлардың бірі болды. 

Ал Чилидегі 33 кенші қалай аман қалды?

Шахта апаттарының барлығы өліммен аяқталған жоқ. Соның ең белгілі мысалы – 2010 жылғы Чилидегі Сан-Хосе шахтасы.

2010 жылғы 5 тамызда шахтада опырылу болып, 33 кенші жердің шамамен 700 метр тереңдігінде қамалып қалды. Олар шахта кіреберісінен шамамен 5 шақырым қашықта болған. 

Алғашқы кезде сырттағы адамдар олардың тірі екенін білмеген. Бірнеше күн бойы құтқарушылар кеншілерді іздеді. Кейін арнайы бұрғылау арқылы олардың орналасқан жері анықталды.

Кеншілер жер астында 69 күн болды.

Арнайы капсула арқылы олардың барлығы біртіндеп жер бетіне шығарылды. Бұл оқиға әлем бойынша тікелей эфирде көрсетіліп, тау-кен тарихындағы ең ірі құтқару операцияларының біріне айналды. 

Бұл жағдайдың басты ерекшелігі – кеншілердің бірден құтқарылмағанымен, тірі қалуы. Олар жерасты кеңістігінде өзара тәртіп орнатып, тамақ пен суды үнемдеп, құтқарушылармен байланыс орнатқан.