Оңтүстік Кореядағы аэроғарыш зауытындағы жарылыстан 5 адам қаза тапты, деп хабарлайды ult.kz.
Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында орналасқан Hanwha Aerospace аэроғарыш және қорғаныс зауытында болған жарылыс салдарынан кемінде бес адам қаза тауып, екі адам жарақат алды. Қайғылы оқиға 1 маусым күні зымыран отынын өндіру желісінде болған.
Жергілікті биліктің мәліметінше, жарылыстан кейін зауыт аумағында өрт шыққан. Зардап шеккен екі қызметкердің бірі ауыр күйік алып, өз күшімен ғимараттан шыға алған. Қаза болғандардың денесі қатты зақымданғандықтан, олардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, апат зымыран отынын дайындауға арналған құралдарды тазалау кезінде болған болуы мүмкін. Алайда жарылыстың нақты себебі әлі анықталған жоқ. Тергеу басталып, оқиға орнына арнайы сарапшылар жіберілді.
Оқиғадан кейін Hanwha Aerospace компаниясы Оңтүстік Кореядағы тоғыз өндірістік алаңның жұмысын уақытша тоқтатып, қауіпсіздік тексерулерін жүргізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар елдің Еңбек министрлігі компанияның штаб-пәтері мен зауытында тексеру жұмыстарын бастаған.