Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысу туралы шешіміне қатысты пікір білдірді. Спортшы бұл салмақ дәрежесін өзінің табиғи салмағы деп санайтынын айтып, жанкүйерлеріне рингте мүлде басқа Жәнібекті көретіндерін уәде етті, деп хабарлайды ult.kz.
Боксшы бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Әуесқой бокста Жәнібек Әлімханұлы 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен. Алайда кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін 72,6 келіге дейінгі орта салмақта жұдырықтасып, бірнеше чемпиондық белбеуді біріктірген.
Енді ол 76,2 келіге дейінгі екінші орта салмаққа ауысуды көздеп отыр. Спортшының айтуынша, бұл шешім өзінің бұрынғы салмағына қайта оралуымен байланысты.
«Енді мен табиғи салмағыма ораламын. 168 фунт салмақ дәрежесінде сіздер мүлде басқа Жәнібекті көресіздер!» – деп жазды боксшы.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы дисквалификациядан кейін 2027 жылғы 23 қаңтарда рингке оралады деп жоспарланған. Ол екінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағы үшін даталық Якоб Банкпен жұдырықтасады.
Боксшы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың көктемінде Астанада конголық Ануэль Нгамиссенгеге қарсы өткізіп, қарсыласын нокаутпен жеңген. Ал 2025 жылғы желтоқсанда оның допинг сынамасынан мельдоний анықталып, жоспарланған тарихи жекпе-жегі өтпей қалған.