Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы бос тұрған әлем чемпионы атағы үшін даниялық Якоб Бэнкпен жұдырықтасады, деп хабарлайды ult.kz Vesti.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Бэнктің командалары титулдық жекпе-жек өткізу туралы келісімге келгенін ресми түрде растады.
Ұйым президенті Густаво Оливьери екі тараптың келісімге келгені туралы жазбаша хабарламалар алғанын мәлімдеді. Жекпе-жектің нақты күні мен басқа да мәліметтер кейін жарияланады.
Бұған дейін WBO боксшылардың өкілдеріне келіссөз жүргізіп, 7 қазанға дейін ортақ шешімге келуді міндеттеген еді. Келісім жасалмаған жағдайда жекпе-жек құқығы үшін промоутерлік сауда өткізілуі тиіс болған. Алайда тараптар келісімге келгендіктен, сауда өткізілмейді.
Жәнібек Әлімханұлы биыл жазда екінші орта салмаққа ауысып, орта салмақтағы WBO чемпиондық белдігін босатқан болатын. Қыркүйек айының басында ол жаңа салмақтағы WBO рейтингінде бірінші орынға көтерілді.
Ал екінші орта салмақтағы WBO титулы бұған дейін британдық Хамза Ширазға тиесілі болған.
Осылайша, Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша екінші чемпиондық белдігін жеңіп алуға мүмкіндік алды.