Жала жабылып, бостандыққа шыққан малшы танымал заңгердің назарына ілікті (ВИДЕО)

Жала жабылып, бостандыққа шыққан малшы танымал заңгердің назарына ілікті (ВИДЕО)
Фото: Видеодан кадр

33 жыл мал бағып, 100 жылқы ұрлады деп айыпталған ер адамға адвокат Мейірман Шекеев көмек көрсетпек, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы адвокаттың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

“Кешеден бері мені осы мәселеге байланысты көп адам белгілеп, хабарласып жатыр. Денсаулығыма байланысты бас көтере алмай, ешкімге жауап бере алмадым. Қазір осы істе  апелляциялық сотта атаны ақтап шығып “ерлік көрсеткен “адвокаттар”қарсы болмаса бірлесе өндірісіме алсамба деймін. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бүгін Руслан Өтепбай бауырым оқиға орнына барып, сол жақтан нақты ақпарат береді. Одан кейін алдағы қадамдарды ақылдасып, шешім қабылдайтын боламыз. Бұл жерде арызданушыға қатысты ҚК 419,420 бабтарының белгілеріде бар сияқты”, - деп жазды ол. 

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық соты 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты шығарылған үкімді қайта қарап, оны сот залынан босатты. 

Бұған дейін ол қожалық иесінің арызынан кейін 100 жылқыны жымқырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мойнына шамамен 30 миллион теңге шығын ілінген болатын. Алайда апелляциялық сотта ұсынылған қосымша дәлелдер нәтижесінде бір ғана жылқының жоғалғаны анықталды.

Апелляциялық сот отырысы эмоцияға толы өтті. Өмірінің 33 жылын жылқы бағуға арнаған Рахат Сәрсенов үкім өзгергеннен кейін сот залынан бостандыққа шықты. Денсаулығы сыр берген азамат сот барысында сөйлей алмай, көз жасына ерік берді. Оның инсульттен кейін бір қолы мен бір аяғы толық жұмыс істемей қалған, сөйлеуі де қиындаған.