Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Ершанқұлқызы марқұм қызының жұбайы Зейнет Әділеттің қайта шаңырақ көтеруіне байланысты алғаш рет мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Видеоүндеуді марқұмның анасы мен қорғаушы Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, қоғамда бұл мәселеге қатысты түрлі пікірлердің көбеюіне байланысты өз ұстанымын жеткізуді жөн санаған.
Салима Ершанқұлқызының айтуынша, Зейнет Әділет те, оның ата-анасы да қайта некеге тұрар алдында қайын жұртымен кездесіп, рұқсат сұрамаған.
«Көпшілік “Алдарыңыздан өтті ме?” деп сұрап жатыр. Жоқ, алдымыздан өткен жоқ. Әділеттің ата-анасы да, жақындары да келген жоқ. Сонымен қатар қызымның өліміне қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Әділет бұл іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Мен оның осы мәртебеден бас тартқанын қалаймын», – деді Ұлдананың анасы.
Еске салайық, бүгін әлеуметтік желілерде былтыр Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Зейнет Әділеттің қайта үйленгені туралы ақпарат кеңінен тарады. Марқұмның қазасынан кейін ол әлеуметтік желілерде жарына арнап бірнеше әсерлі жазба жариялап, қайғысын бөліскен болатын. Алайда арада сегіз ай өткен соң оның қайта отбасын құрғаны белгілі болды.
Бұл жайт қоғамда қызу талқыланып, желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі оның жеке өміріне құрметпен қарауға шақырса, енді бірі жұбайының қайтыс болғанына бір жыл толмай қайта шаңырақ көтергенін сынға алды.