Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы соғысты уақытша тоқтату туралы ұсынысына Ресей мен Украина әртүрлі пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу Қазақстан басшысының ұстанымын бұрыннан білетінін айтып, Ресей бұл ұсыныспен келіспейтінін жеткізді. Ал Украина Сыртқы істер министрлігі Тоқаевтың бастамасын қолдап, соғысты дипломатиялық жолмен реттеу қажет екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Киев Мәскеудің бейбіт ұсыныстарға келісуі үшін Ресейге қысымды күшейту қажет деп есептейді.
«Тоқаев Украина мәселесіне қатысты бірнеше рет пікір білдірген. Оның бұл мәселедегі ұстанымы бірізді. Бұл біздің оның көзқарасымен келісетінімізді білдірмейді. Бірақ Қазақстан – біздің ең жақын серіктесіміз әрі одақтасымыз», – деді «Российская газетаға» берген сұхбатында Дмитрий Песков.
Оның айтуынша, Ресей Қазақстанды қоса алғанда серіктес елдерге өз ұстанымын түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.
«Демек, біз қақтығыстың бастапқы себептерін жеткілікті деңгейде түсіндіре алмағанбыз. Бұл жұмысты екі есе қарқынмен жалғастырамыз. Серіктестеріміз біздің ұстанымымызды білуі тиіс және біз оны жеткізуді жалғастырамыз», – деді Кремль өкілі.
Ал Украина Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Президентінің соғысты тоқтату қажеттігі туралы мәлімдемесін құптады. Украина Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Андрей Сибига әлеуметтік желідегі парақшасында бұл – шынайы жағдайға негізделген, дер кезінде жасалған әрі байыпты үндеу деп бағалады.
«Украина қазіргі майдан шебі бойымен әскери іс-қимылды тоқтатып, дипломатиялық реттеу жолына көшуді ұсынды. Алайда Кремль бейбітшілікке бастайтын бұл айқын жолдан бас тартуын жалғастырып отыр. Путиннің баспасөз хатшысы да Қазақстан Президентінің ұсынысын жоққа шығарды.
Мәселенің мәні мынада: Мәскеу шынайы бейбіт ұсыныстарға келісуі үшін оған қысым күшейтілуі керек», – деп жазды Сибига.
Еске салсақ, бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путинмен өткен келіссөз барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді қайта жандандыруды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы бұл ретте «Стамбұл формуласы 2.0» аясындағы келіссөздерге қайта оралу қажет екенін атап өтті.