Freedom Inside '26

Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот басшыларын қабылдады

Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот басшыларын қабылдады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы соттарының екінші конференциясына қатысу үшін Қазақстанға келген сот жүйесінің жоғары лауазымды өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ult.kz.

Президент Әзербайжан Жоғарғы сотының төрағасы Инам Керимовті, Қырғызстан Жоғарғы сотының төрағасы Медербек Сатыевті, Түркияның Кассациялық сотының төрағасы Омер Керкезді, Түркия Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Зеки Йигитті және Өзбекстан Жоғарғы соты төрағасының бірінші орынбасары Алишер Усмановті қабылдады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы зор екенін атап өтті.

«Әрбір өркениетті елдің өсіп-өркендеуі үшін сот жүйесінің маңызы зор. Сондықтан жоғарғы соттар арасындағы өзара тығыз байланысты тереңдету бауырлас елдеріміздің ортақ мүддесіне толық сай келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Түркістанда өтетін конференция аясында сот жүйесін цифрландыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау және өзге де маңызды мәселелер талқыланады. Оның пікірінше, мұндай өзекті тақырыптар бойынша тәжірибе алмасу ұйымның дамуына және халықаралық беделінің артуына ықпал етеді.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қонақтарға Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және құқықтық реформалар туралы да мәлімет берді.

Мемлекет басшысы 1 шілдеден бастап еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енетінін атап өтіп, онда егемендікті, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықты қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, заң үстемдігін нығайту сияқты негізгі қағидаттар бекітілгенін айтты.

Сонымен қатар жаңа Ата заңда адам капиталын, ғылым мен білімді, инновацияны дамыту стратегиялық басымдық ретінде айқындалып, азаматтардың дербес деректерін, оның ішінде цифрлық кеңістіктегі жеке мәліметтерін қорғау туралы норма алғаш рет енгізілген.

Президенттің сөзінше, Конституциялық реформаларды іске асыру мақсатында бес конституциялық заңға қол қойылып, 70-тен астам кодекс пен заңға өзгерістер енгізілген.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы барлық бастамаларды қолдайтынын атап өтіп, сот және құқық қорғау салаларындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.