Қазақстанның IT қызметтерінің экспорты өткен жылы 1 млрд доллардан асты. Ал отандық цифрлық шешімдер әлемнің 100-ден астам елінде қолданылып жатыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстанның толыққанды цифрлық мемлекетке айналу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.
«Өткен жылы қазақстандық IT қызметтер экспортының көлемі 1 млрд доллардан асты. Біздің цифрлық шешімдерімізді әлемнің 100-ден астам елінде пайдаланады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл жетістіктер Қазақстанның технологиялық дамуға ұмтылысын көрсетеді. Дегенмен, озық технологиялар саласында қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалуға болмайды.
Ол инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды іске асыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласында жоғары жауапкершілік пен адалдық қағидаларын сақтау маңызды екенін айтты.
Президент АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен америкалық жетекші технологиялық компаниялар арасында жасалған суперинтеллект жөніндегі келісімге тоқталды.
«Бұл тәсіл барлық мүдделі елдер тарапынан жан-жақты талқыланғаннан кейін жаһандық деңгейде қабылдауға болатын үлгі ретінде қарастырылуы мүмкін», – деді ол.
Мемлекет басшысы бұған қоса экономикадағы нақты сұраныстарға негізделген индустриялық AI-міндеттер тізімін қалыптастыруды ұсынды.
Осы тізім негізінде қазақстандық және шетелдік командалардың қатысуымен AI Challenge байқауын іске қосу ұсынылды. Тиімділігін дәлелдеген үздік жобалар өндірісте енгізілмек.