Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын $100 млрд-қа жеткізу жоспарын айтты

Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын $100 млрд-қа жеткізу жоспарын айтты
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды ult.kz.

Форум басталар алдында жиынға қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті.

«Бүгінде қазақ-қытай қарым-қатынасы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға болады. Біз мәңгілік дос әрі сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығымыздың жаңа “алтын 30 жылдық” кезеңіне қадам басып жатырмыз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 50 млрд долларға жеткен. Үкіметтер бұл көрсеткішті 100 млрд долларға дейін жеткізу бағытында жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар Қытай Қазақстан экономикасына 29 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Қазір елімізде Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Президент өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың да нығайып келе жатқанын айтты.

Тоқаев инвестициялық ахуалды жақсарту үшін инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілетінін атап өтті. Осы мақсатта Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылғанын, ал Бас прокурорға инвестициялық омбудсмен міндеттері жүктелгенін жеткізді.

Орта дәлізді дамытуға басымдық берілмек

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі көлік-логистика саласы екенін айтты.

Оның сөзінше, Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасып келеді. Ал Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы бағыттағы маңызды буынға айналмақ.

«Азия мен Еуропа арасындағы заманауи көлік байланысын түзетін Орта дәлізді өркендетуді айрықша міндет деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны 3 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл Қазақстанның жаһандық логистика жүйесіндегі рөлін күшейтеді.

Сондай-ақ биыл тамызда Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталған. Жаңа жол Шығыс – Батыс бағытындағы тасымал көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Таяу уақытта Мойынты – Қызылжар және Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталатыны айтылды.

Бұдан бөлек, «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Қытайлық Minmetals Logistics корпорациясымен бірлесіп жүргізушісіз көлік технологиялары мен цифрлық шешімдер қолданылатын логистика дәлізін құру жоспарланған.

Президент азаматтық авиация саласындағы байланыстарға да тоқталды. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу және Ақтау – Үрімжі бағыттары бойынша жаңа әуе рейстері ашылған. Осы аптада Алматы мен Чунцин қалаларын тікелей байланыстыратын алғашқы жолаушылар рейсі іске қосылған.