Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумына қатысты. Кездесуде екі ел арасындағы өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ult.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Германияны сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің ортақ инвестициялық портфелінде жалпы құны 54 миллиард доллардан асатын 40 жоба бар. Оның 21-і қазірдің өзінде жүзеге асқан.
Президент Қазақстан-Германия арасындағы өнеркәсіптік серіктестікті жаңа деңгейге шығаруды ұсынды. Осы мақсатта Қазақстан-Германия инвестициялық-өнеркәсіп бастамасын іске қосу жоспарланып отыр. Оның аясында коммерциялық тұрғыдан тиімді жобалардың бірыңғай тізімі жасақталмақ.
– Осы сапар барысында отандық машина жасау саласының өнімдерін, соның ішінде неміс құрал-жабдығын қолдану арқылы шығарылған теміржол көлігі дөңгелегін Германия нарығына жеткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді, – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, басты мақсат – жаңа өндірістер ашу, неміс технологиясы мен тәжірибесін Қазақстанға тарту және әлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті өнім шығару.
Қазақстан Германияға шикізат жеткізуді ұлғайтуға ниетті
Мемлекет басшысы аса маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталды. Қазақстанда Еуропалық одақ стратегиялық ресурс ретінде таныған 34 шикізат түрінің 21-і бар.
Президент Германияға сенімді шикізат жеткізу жолдарын қалыптастыру мен Қазақстанда шикізатты терең өңдеу жобаларын іске асыру өзара тиімді бағыт болатынын айтты.
Ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымы да өскен. 2025 жылы екі ел арасындағы аграрлық өнімдер алыс-берісі 23 пайызға, ал Қазақстаннан Германияға экспорт 38 пайызға артқан.
Энергетика мен жасанды интеллектке басымдық берілмек
Тоқаев Қазақстан мен Германияның энергетика саласындағы бірлескен жобаларын кеңейтуді ұсынды. Атап айтқанда, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және кейбір құрал-жабдықтарды Қазақстанда өндіру мүмкіндігі қарастырылмақ.
Сонымен қатар Президент жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны Қазақстанның ұлттық басымдықтарының бірі ретінде атады.
Ол неміс компанияларын деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамытуға және тау-кен, энергетика мен логистика салаларына арналған жасанды интеллект шешімдерін қазақстандық серіктестермен бірлесіп әзірлеуге шақырды.
Қазақстанда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жобасы да қолға алынған. Бұл бағыт Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға арналған жобалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Қазақстан-Германия өндірістік құзыреттер орталығы құрылуы мүмкін
Мемлекет басшысы Германияның дуалды кәсіптік білім беру тәжірибесін атап өтіп, Қазақстан-Германия өндірістік құзыреттер орталығының желісін құруды ұсынды.
Президенттің айтуынша, ірі инвестициялық жобалармен қатар мамандар даярлайтын орталықтар да құрылуы керек.
Ал Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанды Орталық Азиядағы Германияның негізгі сауда серіктестерінің бірі деп атап, Германия капиталы, технологиясы мен өнеркәсіптік тәжірибесін Қазақстанның табиғи ресурстары және Еуропа мен Азия арасындағы орналасу мүмкіндіктерімен ұштастыруға болатынын айтты.
Қазақстан бұған дейін де шетелдік инвестиция тарту мен технологиялық өндірістерді дамытуға басымдық беріп келе жатқанын мәлімдеген.