Тоқаев Путинге Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский бейнеленген картинаны сыйлады

Тоқаев Путинге Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский бейнеленген картинаны сыйлады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге қазақтың көрнекті ғалымы, этнографы әрі ағартушысы Шоқан Уәлиханов пен әйгілі орыс жазушысы Федор Достоевский бейнеленген картинаны сыйға тартты, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.


Аталған туынды қос халықтың тарихи-мәдени байланысын, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский арасындағы достықты бейнелейді. Белгілі болғандай, екі тұлға XIX ғасырда Омбыда танысып, кейін ұзақ жылдар бойы хат алысып тұрған. Олардың достығы қазақ-орыс рухани байланысының маңызды символдарының бірі ретінде бағаланады.

Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин XXII Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында келіссөздер өткізді. Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ мемлекет басшылары өңіраралық байланысты нығайту мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Келіссөз соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, Мемлекет басшысы Владимир Путинге Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің бейнесі салынған картинаны табыс етті.