Тоқаев Орталық Азиядағы су мәселесін шешуге шақырды

Тоқаев Орталық Азиядағы су мәселесін шешуге шақырды
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуінде өңірдегі өзара сауда көлемін кемінде 20 млрд долларға жеткізуді ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Орталық Азия елдері арасындағы сауда көлемі шамамен 13 млрд долларды құраған. Бұл мемлекеттердің жалпы тауар айналымының шамамен 8 пайызы.

Осыған байланысты Тоқаев үкіметтерге өзара сауда үлесін арттыру үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.

«Ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс», – деді Президент.

Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе өсуі мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі көлік инфрақұрылымын дамытуға да тоқталды.

Оның айтуынша, Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Келесі жылы Бақты – Аягөз бағытын ашу жоспарланған.

Сондай-ақ Қытайды Каспий теңізі және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталғанын айтты.

Президент Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар толық жүзеге асса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаюы мүмкін екенін жеткізді.

Тоқаев су мәселесін шешуге шақырды

Мемлекет басшысы трансшекаралық су ресурстарын басқаруды Орталық Азия тұрақтылығы үшін маңызды мәселелердің бірі деп атады.

Ол барлық елдердің мүддесін ескеретін, өзара құрмет пен теңқұқылық қағидаттарына негізделген жаңа тәсілдер қажет екенін айтты.

Тоқаев Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын бірге ілгерілетуге шақырды.

Орталық Азия мен Әзербайжанға AI бойынша серіктестік құру ұсынылды

Президент жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді де ұсынды.

Қазақстанның AI экожүйесін қалыптастырып жатқанын айтқан Тоқаев Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасында жасанды интеллект бойынша серіктестік құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Оның аясында ғылыми орталықтар, университеттер мен технологиялық компаниялар ақпарат және тәжірибе алмаса алады.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті нейрожелілерді қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану мәселесіне назар аударып, осы бағытта ортақ декларация әзірлеуді ұсынды.

Аймақ елдері үшін қауіпсіздік мәселесі де өзекті

Тоқаев терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтықты өңір қауіпсіздігіне төнетін қатерлердің қатарына қосты.

Ол цифрлық технологиялардың қылмыстық топтар мен лаңкестердің қолына түсу қаупіне алаңдаушылық білдірді.

Президент сондай-ақ Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге шақырып, аймақтық телеарна ашу бастамасын көтерді.