Тоқаев мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Тоқаев мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтап, Қазақстандағы білім беру саласының дамуына тоқталды, деп хабарлайды ult.kz.

Президенттің айтуынша, қазір Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар. Яғни еліміздің әрбір бесінші азаматы мектепте білім алып жатыр.

Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынғанын атап өтті.

«Соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасқанын айтты. Оның аясында заманауи инфрақұрылымы бар мектептер бой көтеріп жатыр.

Бүгінде 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынған. Оның 84-і, яғни шамамен 40 пайызы ауылдық жерде орналасқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен қала мектептерінде балаларға бірдей сапалы білім берілуі қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар Президент мектептерге жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды жаппай енгізу бағдарламасы іске асып жатқанын айтты.

«Жалпы, аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі болмауы керек. Өйткені тағы да қайталап айтамын, бұл – мемлекеттің болашағына әсер ететін өте маңызды фактор», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев өркениетті елдің қуаты табиғи байлығымен емес, ең алдымен, адам капиталының сапасымен өлшенетінін атап өтті.

Мемлекет басшысы ұстаздарға еңбегі үшін алғыс айтып, оларды кәсіби мерекесімен құттықтады.