Тоқаев Корея Премьер-министрімен кездесті

Тоқаев Корея Премьер-министрімен кездесті
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесті. Президент Корея үкіметінің басшысы болып тағайындалуымен құттықтап, жаңа қызметіне табыс тіледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастардың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде қазақ-корей қарым-қатынастары тұрақты түрде жақсы дамып келе жатыр. Стратегиялық әріптестігіміз аясында қос тарап үшін де пайдалы болатын көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Сіздің еліңіз Қазақстанның он ірі сауда және инвестициялық серіктесінің қатарына кіреді. Қазақстанда корей капиталы бар 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ алдымызда тұрған жауапты міндет өте көп. Сіздермен бірге жоспарларымызды ойдағыдай іске асырамыз деп ойлаймын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда қолайлы іскерлік және инвестициялық ахуал қалыптасқанын айтты. Оның сөзінше, елде Кореяның ірі корпорацияларымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдеріне де жұмыс істеуге жағдай жасалған.

Бұл бағытта Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қажетті құқықтық негізі қалыптасқан.

Президент Корея Премьер-министріне қазақ-корей кәсіпкерлерінің дөңгелек үстеліне қатысқаны үшін алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында қол қойылатын құжаттар екіжақты байланысты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен өтетін келіссөздердің маңызын атап өтті. Оның пікірінше, бұл кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін.

Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары да талқыланды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Корея алдында екіжақты тауар айналымын екі есе арттыру міндеті тұр. Ол үшін сауда көлемін ұлғайтумен қатар, қосылған құны жоғары тауарлардың үлесін арттыру қажет.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Бұдан бөлек, өндірісті жергіліктендіру және қазақстандық өнімді үшінші нарықтарға шығару бағыттарын қамтитын өндірістік кооперацияның жеке жол картасын дайындау қажеттігін айтты.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Кореямен ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты нығайтуға дайын екенін жеткізді.