Мемлекет басшысы Конституцияны түсіндіру жұмысын Ерлан Қаринге тапсырды

Мемлекет басшысы Конституцияны түсіндіру жұмысын Ерлан Қаринге тапсырды
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасында Конституцияны түсіндіру және дәріптеу жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанның алдында биік мақсаттар мен нақты жоспарлар тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, оларды жүзеге асыру үшін ел бірлігін нығайтып, белсенді әрі табанды жұмыс жүргізу қажет.

«Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысқа білімі терең, тәжірибесі мол мамандарды тарту қажет екенін айтты. Олардың қатарында заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер және мемлекет қайраткерлері бар.

Президент Әкімшілігіне Конституцияны түсіндіру жұмысының кешенді әрі жүйелі тәсілін қалыптастыру міндеті жүктелді.

Мемлекет басшысы бұл міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Қаринге тапсырды. Ол атқарылған жұмыс туралы Президентке екі апта сайын тікелей баяндап отырады.