Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу барысында Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, Вашингтонмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе аса маңызды минералдар бойынша C5+1 диалогының маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы өзара ықпалдастықтың екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті күшейте түсетінін айтты. Сонымен қатар ол АҚШ Президенті Дональд Трампқа ізгі тілегін жолдап, жыл соңына қарай кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде Серджио Гор Дональд Трамптың сәлемін жеткізіп, Ақ үйдің Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бір жыл ішінде АҚШ пен Орталық Азия елдері арасында 20 миллиард доллардан астам келісім жасалған.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін, сондай-ақ аса маңызды минералдар, көлік-логистика, цифрландыру және өзге де басым бағыттардағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Кездесу барысында Қазақстан тең құрылтайшыларының бірі саналатын Бейбітшілік кеңесі қызметіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық тұрақтылықты нығайтуға және гуманитарлық бастамаларды қолдауға дайын екенін айтты.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кездесу қорытындысында Қазақстан мен АҚШ өкілдері екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделі екенін растады.