Таиланд премьері туристерге: «Өлгіңіз келсе, өз еліңізге барыңыз»

Таиланд премьері туристерге: «Өлгіңіз келсе, өз еліңізге барыңыз»
ашық дереккөз

Таиланд премьер-министрі әрі ішкі істер министрі Анутин Чанвиракун ел заңдарын бұзатын шетелдіктерді елден кетуге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Премьер шетелдіктердің діни нысандар мен жеке зираттар салуына қатысты да пікір білдірді. Бұған жеке зират салуға берілген өтініш себеп болған.

«Жақында жеке зират салуға өтініш түскенін білдім. Бұл шектен шығу. Біз сіздердің елге келулеріңізге рұқсат бергенімізге ризашылық білдірулеріңіз керек», – деді Чанвиракун.

Оның айтуынша, мұндай бастамалар Таиланд заңнамасына сай болуы және жергілікті қоғам мен мәдениеттің ерекшеліктері ескерілуі керек.

«Егер өлгіңіз келсе, өз еліңізге барып өліңіз. Бұл жерде өлудің қажеті жоқ», – деді премьер.

Ол сондай-ақ шетелдіктердің мейрамхана ашуға рұқсат алып, кейін ғимаратты діни рәсімдер өткізу үшін пайдалануын жол берілмейтін жағдай деп атады.

Чанвиракун Таиланд шетелдік туристер мен инвесторлар үшін ашық екенін, алайда бұл олардың жергілікті заңдарды бұзуына құқық бермейтінін атап өтті. Оның сөзінше, мәселе Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және Африка елдерінің азаматтарына қатысты.

Премьер жаңа депортация ережелері заң бұзған шетелдіктерді елден жедел шығаруға мүмкіндік беретінін айтты. Ол губернаторларға әуе билетін кім төлейтініне байланысты шешімді кейінге қалдырмауды тапсырған. Шетелдіктерді елден шығару шығынын мемлекет өтейді.

Жаңа депортация ережелері 28 тамызда күшіне енген.

Айта кетейік, бұған дейін Таиландта ресейлік туристерге шабуыл жасады деген күдікпен бірнеше жасөспірім ұсталған. 14 қыркүйекте Паттайяның беделді ауданында ресейлік туристі ұрып, тонаған. Келесі күні тағы бір ресейлік турист қару қолданамын деген қорқыту арқылы ақшасы мен бағалы заттарын беруге мәжбүр болған.