Спорт журналисі Аслан Қаженов Азия ойындары кезіндегі бокс сессиясынан кейін Геннадий Головкинмен болған келеңсіз жағдай туралы әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Журналист бұған дейін Головкин туралы жағымсыз пікір білдірмегенін, керісінше оны ерекше құрметтегенін айтты. Алайда соңғы кездесуден кейін оған деген көзқарасы өзгергенін жеткізді.
«Бұған дейін Геннадий Головкин туралы бір негатив жазбадым. Керісінше, құрметім ерекше болатын. Бүгін нөлге түсті. Бокс сессиясынан кейін амандасып жатсам, “бестыжый” дейді», – деп жазды Қаженов.
Оның айтуынша, ол үнемі Қазақстан спортшыларының жетістіктері мен мәселелерін көтеріп келеді. Осыған байланысты журналист Головкинді спорттағы нақты мәселелермен айналысуға шақырды.
«Викторияның жеңісін қайтар! Ясминаның алтынын қайтар! Басқа да жұмыс жетеді. Өз еліңнен келген қаракөздерге сөзбен атылып, олай мұқата берме! Нақты іспен айналыс!» – деді ол.
Қаженовтің бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Геннадий Головкин кім?
Геннадий Головкин – Қазақстаннан шыққан әйгілі кәсіпқой боксшы. Ол 1982 жылы Қарағандыда дүниеге келген. 2004 жылы Афина Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған.
Кәсіпқой бокста Головкин орта салмақта екі дүркін әлем чемпионы атанып, мансабын 42 жеңіс, 2 жеңіліс және 1 тең нәтижемен аяқтады. Оның 37 кездесуінде жеңіс нокаутпен келген. Сонымен қатар ол орта салмақтағы әлем чемпиондық атағын қатарынан 20 рет қорғаған.

2024 жылдан бері Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметін атқарады. Ал 2025 жылдың қарашасында ол халықаралық World Boxing ұйымының президенті болып сайланды.
2026 жылы Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді. Ол бұл мәртебеге ие болған Қазақстаннан шыққан алғашқы спортшы болды.