Ақмола облысының Ақкөл ауданында сәбиінің абайсызда қаза болуына себеп болған әйелге сот үкімі шықты. Ол 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды ult.kz.
Істі Ақкөл аудандық соты Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігімен, яғни абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша қараған.
Сот мәліметінше, әйел қонақта алкоголь ішіп, кейін үйіне қайтқан. Түнде мас күйінде сәбиін емізіп отырып ұйықтап қалған. Таңертең оянғанда баласының тіршілік белгісі жоқ екенін байқаған.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері сәбидің тұншығудан көз жұмғанын анықтаған.
Қылмыстық іс сотқа кінәні мойындау туралы процестік келісіммен түскен. Прокурор әйелге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.
Сот жаза тағайындау кезінде әйелдің жасаған ісіне шын өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал қылмыс кезінде алкогольдік масаң күйде болғаны жауаптылықты ауырлататын фактор ретінде танылды.
Нәтижесінде әйел 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, оған пробациялық бақылау белгіленді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.