Қарағанды облысында алаяқтық үшін сотталған әйелге заңсыз қолданылған рақымшылықтың күші жойылып, бастапқы жаза мерзімі қайта қалпына келтірілді, деп хабарлайды ult.kz.
Іс материалдарына сәйкес, әйел бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Жазасын өтеу барысында ол Instagram желісінде әйелдер киімін сататыны туралы жалған хабарландырулар жариялап, азаматтардан алдын ала төлем алған. Алайда тапсырыс берілген тауарларды жеткізбей, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.
Теміртау қалалық соты оны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған.
Кейін апелляциялық сот "Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды қолданып, жаза мерзімін 2 жыл 4 айға дейін қысқартқан.
Алайда сот актілерін тексеру кезінде рақымшылықтың заң талаптарына қайшы қолданылғаны анықталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жазасын өтеу кезінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық берілмейді.
Бас прокуратураның наразылығынан кейін рақымшылық туралы шешімнің күші жойылып, сотталған әйелге бастапқы үкім бойынша 3 жыл 6 айлық жаза қайта тағайындалды.
Прокуратура өкілдері рақымшылық гуманизм актісі болғанымен, ол жазасын өтеу кезінде қайта қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайтынын атап өтті.