Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі басталды. Сот отырысында 29 жастағы Шерхан Аймаханнан жауап алынды, деп хабарлайды ult.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Сотталушының айтуынша, ол Нұраймен 2025 жылдың жазында танысып, қарым-қатынас құрған. Аймахан қызға үнемі ақша аударып, түрлі сыйлықтар бергенін және қазан айында оған үйленуге шешім қабылдағанын айтты.
Алайда 11 қаңтарда жағдай күрт өзгерген. Оның сөзінше, сол күні ол Нұрайды кездесуге шақырып, қарым-қатынасты тоқтататынын айтып, бұрын берген сақинаны қайтарған.
"Айырылысып жатырмыз" десем, ол ашуланып, сақинаны лақтырып жіберді. Нұрай кеудемнен ұрып, әдепсіз сөздер айтты. Қалтада пышақтар барын сездім. Кішісін алып шығып, оған бердім де, "Ұрғаннан гөрі осыны тық" дедім. Нұрай пышақ алып, оң жақ бүйірімнен ұрды... Әрі қарай не болғаны есімде жоқ", – деді сотталушы.
Аймахан сонымен бірге Нұрайдың туыстары олардың қарым-қатынасынан хабардар болғанын және кездесулеріне қарсы болмағанын мәлімдеді.
Нұрай Серікбайдың өлімі қаңтар айында Шымкентте болған. 21 жастағы студент пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмған. Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін қыздың соңынан қалмай, тіпті оны алып қашқаны да анықталған.
Осы фактілер бойынша полиция адам өлтіру және сталкинг баптарымен қылмыстық іс қозғаған.
Кейін күдіктінің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық денсаулық орталығына ауыстырылғаны белгілі болды. Осыдан кейін марқұмның жақындары алаңдаушылық білдіріп, оның психикалық ауруы туралы анықтама алып, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтқан.
Алайда кейін ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айыпталушыға жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, Шерхан Аймахан есі дұрыс деп танылып, өз әрекетіне жауап бере алатыны анықталған. Сондықтан ол заң алдында жауап береді.
Бұған дейін Нұрай Серікбайдың отбасы сот отырыстарын тікелей эфирде көрсетуді талап еткен болатын.