Freedom Inside '26

Қырғызстанның экс-министрі АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүр

Қырғызстанның экс-министрі АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүр
Коллаж: ult.kz

Қырғызстанның бұрынғы министрі мен экс-депутаты АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желілерде Қырғызстанның бұрынғы еңбек және әлеуметтік даму министрі, экс-депутат Улукбек Кочкоровтың қазіргі өмірі қызу талқылануда.

Тараған видеода саясаткердің АҚШ-тың Чикаго қаласында жеткізу қызметінің курьері болып еңбек етіп жүргені көрсетілген. Желі қолданушыларының айтуынша, ол қазір Amazon компаниясының тапсырыстарын жеткізумен айналысады.

Улукбек Кочкоров Қырғызстан саясатында танымал тұлғалардың бірі болған. Ол кезінде «Ата-Жұрт» партиясынан депутат атанып, 2017 жылғы президент сайлауына қатысқан. Ал 2018 жылы Қырғызстанның Еңбек және әлеуметтік даму министрі қызметін атқарды.

2020 жылғы саяси өзгерістерден кейін Кочкоров мемлекеттік қызметтен кетіп, қоғамдық-саяси өмірден алыстады. Соңғы жылдары ол отбасымен бірге АҚШ-та тұрып келеді.

Бұрын жоғары лауазымды қызметтер атқарған саясаткердің бүгінде қарапайым курьер болып жұмыс істеуі әлеуметтік желілерде түрлі пікір туғызды. Бірі оны адал еңбекпен күн көріп жүргені үшін құрметтесе, енді бірі бұрынғы шенеуніктің өміріндегі мұндай өзгеріске таңданысын білдіруде.