Қырғызстанда ұшақ апатқа ұшырай жаздады: 181 жолаушы эвакуацияланды (ВИДЕО)

Қырғызстанда ұшақ апатқа ұшырай жаздады: 181 жолаушы эвакуацияланды (ВИДЕО)
ашық дереккөз

Қырғызстанда Tez Jet әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы ұшуға екпін алып бара жатқан кезде артқы шассилерінің бірі сынып, әуе кемесі сол жақ қанатына қисайып қалған, деп хабарлайды ult.kz.

Қырғызстан әуежайларының мәліметінше, ұшақ әлі әуеге көтеріліп үлгермеген. Ұшқыштар екпін алу кезінде әуе кемесін дер кезінде тоқтатып, ықтимал ірі апаттың алдын алған.

Ұшақ бортында 181 жолаушы болған. Оқиға салдарынан кейбір жолаушылар жеңіл жарақат алды. Зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілді.

Төтенше жағдайдан кейін ұшу алаңына авиациялық керосин төгіліп, оқиға орнына өрт сөндіру қызметтері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта әуежайдағы барлық рейстер уақытша тоқтатылған.

Мамандар төгілген керосинді толық тазалап, ұшақты арнайы техникамен эвакуациялағаннан кейін ғана әуе рейстерін қабылдау және жөнелту жұмыстары қайта жалғасады.