Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады. Кездесуде Қорғаныс министрлігіндегі бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қатысты жоспардан тыс жүргізіліп жатқан аудиттің барысы талқыланды, деп хабарлайды ult.kz.
50 нысан тексеріледі
Әлихан Смайыловтың айтуынша, ауқымды аудит 50 нысанды, оның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды.
Тексеру үшін мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандарынан, сондай-ақ IT және байланыс саласының сарапшыларынан арнайы топ құрылған.
Аудит барысында Қарулы күштер қызметінің негізгі бағыттары бойынша жағдайға баға беріледі.
Атап айтқанда:
- әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі;
- әскери қызметшілердің даярлығы;
- оқу-жаттығулардың өткізілуі;
- әскери инфрақұрылымның дамуы;
- қару-жарақ пен әскери техниканың жаңғыртылуы;
- цифрлық жүйелердің жұмыс істеуі тексеріледі.
Қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыс та тексерілген
Президентке қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысқа жүргізілген аудиттің нәтижелері де таныстырылды.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Үкімет пен салалық мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма жолданған.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов экономикалық даму мен әлеуметтік саланың басым бағыттарын қамтитын жоспарлы аудиторлық тексерістердің барысы туралы баяндады.
Кездесуде Астанада өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы Басқарма кеңесінің 63-отырысының қорытындысы да айтылды. Оған 19 елдің өкілдері қатысты. Мұндай форматтағы жиын Қазақстанда алғаш рет өткізілген.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі аудитті жүргізуге және мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.