Қорғаныс министрі қаза тапқан сарбаздардың шаңырақтарына барды

Қорғаныс министрі қаза тапқан сарбаздардың шаңырақтарына барды
Коллаж: видеодан кадр

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдады, деп хабарлайды ult.kz.

Жеделхаттарды қаза болған әскери қызметшілердің жақындарына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов табыстады. Министр қара жамылған отбасыларға көңіл айтып, қайғыларына ортақ екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы жеделхатында қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қолдау білдіріп, отбасыларына қажетті көмектің көрсетілетінін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның себептері толық анықталып, кінәлілердің заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Президенттің жеделхатында қаза тапқан әскери қызметшілердің мемлекеттік наградаларға ұсынылатыны да айтылған.

Не жағдай болды?
 

Айта кетейік, Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне ағып кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тапты. Үшеуін құтқару мүмкін болды. 

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілерді теңізге ағыс алып кеткен. 

Іздестіру-құтқару жұмыстары 25 қыркүйекке дейін жалғасты. Таңғы сағат 09:15 шамасында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен сержант Мансұр Ғұмаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды. Осыдан кейін іздеу операциясы аяқталды.

Оқиғаға байланысты Үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бап – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр. 

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетіні хабарланды.