Маңғыстау облысының әкімдігі қайғылы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімдігі қайғылы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстау облысының әкімдігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеді. Тергеу барысында қауіпсіздік талаптарын сақтамауы мүмкін болған лауазымды тұлғалар да анықталған, деп хабарлайды ult.kz.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі – «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – «кеме жүргізу қағидаларын бұзу»бойынша қозғалған.

Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқу-жаттығуды ұйымдастыру және құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде заң бұзушылықтарға жол берді деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталған. Олардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.

Сонымен қатар, оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы да қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Әскери қызметші есін жиған және қажетті медициналық көмек алып жатыр. Қасында ата-анасы бар.

Комиссия отырысында қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін көмек мәселесі де талқыланды.

Үкімет отбасыларға бағытталған қаражаттың ашық әрі толық бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды. Көмек мемлекеттік төлемдер мен өтемақылардан бөлек, кәсіпкерлер мен меценаттардың қаржылай қолдауын да қамтиды.

Осы қаражатты шоғырландыру үшін арнайы қор ашылған. Оның жұмысы Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан бақылауда болады.

Айта кетейік, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған сарбаз Темірхан Ақжол Тимурұлының видеосы тарады. 

Каспийде 14 сарбаз суға кетті 

Алдын ала мәлімет бойынша, әскери оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне 19 әскери қызметші барған. Қазір олардың 14-інің  қаза болғаны белгілі. Үш әскери қызметші құтқарылған. Олардың біреуі ауруханаға жеткізілген.

Қайғылы жағдайдан кейін оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері дереу жіберілді. Іздестіру жұмыстарына Әскери-теңіз күштері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер тартылды.

Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді.

Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор мен Шекара қызметінің өкілдері кірді.

Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептері мен жағдайын анықтауды тапсырды. Сондай-ақ қаза болғандардың отбасыларына қажетті көмекті ұйымдастыру міндеттелді.

Кейін қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтты.

Қазір оқиға бойынша тергеу жүргізіліп, әскери қызметшілерді іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.