Каспийдегі қайғылы оқиға: әскерилердің қазасына қатысты екі баппен іс қозғалды

Каспийдегі қайғылы оқиға: әскерилердің қазасына қатысты екі баппен іс қозғалды
Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

ІІМ мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қозғалған.

Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекет тарапынан әлеуметтік және материалдық көмек көрсетілетіні айтылды.

Еске салайық, Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 12 әскери қызметші қаза тапқан. Оқиғадан кейін Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Үкіметтік комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.