Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор әрі профессор Бәкір Баяхунов дүниеден өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Өмірін музыка өнеріне арнаған композитор отандық кәсіби музыканың дамуына зор үлес қосты. Оның туындыларында қазақ халқының дәстүрлі әуендері, Шығыс музыкасының ерекшеліктері мен еуропалық классикалық өнердің элементтері өзара үйлесім тапқан.
Бәкір Баяхунов шығармашылық қызметімен қатар ұстаздық жолда да жемісті еңбек етті. Ол 40 жылдан астам уақыт Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс оқып, көптеген талантты музыканттың кәсіби қалыптасуына ықпал етті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті өнер қайраткерінің өмірден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
“Бәкір Баяхунов шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, өнердің шынайы құндылығын түсіндіріп, олардың шығармашылық жолына бағыт-бағдар көрсетті. Оның бай шығармашылық мұрасы, ұстаздық өнегесі мен жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады”, – делінген ведомствоның көңіл айту хабарламасында.
Айта кетейік, Жұлдыз Өмірғали Айқынмен қарым-қатынасы қалай басталғанын айтты.
Бәкір Баяхунов кім?
Бәкір Яхияұлы Баяхунов – қазақстандық көрнекті композитор, профессор, Қазақстанның халық әртісі және өнер қайраткері. Ол 1933 жылы 15 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Орталық Азиядағы дүнген халқының тұңғыш кәсіби композиторы ретінде танылған.

1960 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын композитор Құддыс Қожамияровтың сыныбы бойынша тәмамдаған. Кейін 1960–1963 жылдары Мәскеу консерваториясында білімін жетілдірген. 1963 жылдан бастап Алматы консерваториясында сабақ беріп, 1991 жылы профессор ғылыми атағын алған.
Композитор шығармашылығында қазақтың дәстүрлі музыкасын, дүнген халқының әуендерін және еуропалық классикалық музыканы ұштастырған. Оның белгілі туындыларының қатарында “Күй” симфониясы, “Қамбар батыр”, “Ысқырма”, “Шығыс аурасы” және “Қорқыт” симфониялары бар. Сондай-ақ бірнеше фильмге музыка жазып, ғылыми мақалалар мен музыкалық зерттеулер жариялаған.
Бәкір Баяхунов 1983 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, ал 1990 жылы халық әртісі атағын иеленді. Ол Қазақстан Композиторлар одағы басқармасы төрағасының орынбасары қызметін де атқарған. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, отандық музыка саласына кәсіби мамандар даярлауға үлес қосты.
Дереккөз: Композитордың өмірбаяны мен шығармашылығына арналған сайт.