Әнші Жұлдыз Өмірғали кезекті сұхбатында жұбайы Айқын Төлепбергенмен танысқан кезеңін еске алып, олардың арасындағы қарым-қатынастың қалай басталғанын айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің айтуынша, Айқынмен танысқан уақытта әншінің бірінші әйелі жүкті болған. Жұлдыз бұл жағдайдан кейін қарым-қатынасты тоқтатуға тырысқанын жасырмады.
“Біз танысқан кезде оның әйелімен бірге түскен бейнебаяны жарық көрді. Сол уақытта қарым-қатынасымызды тоқтату керек деп шештім. Бір айдай одан қашқақтап жүрдім. Бірақ кейін ол келіп, маған деген сезімін дәлелдеді. Бұл шешімді өзі қабылдағанын және оның жауапкершілігін де өзі көтеретінін айтты”, – деді әнші.
Жұлдыз Өмірғали екеуінің қазан айында танысып, желтоқсаннан бастап кездескенін жеткізді. Ал Айқынның бірінші әйелі келесі жылдың мамыр айында босанған. Әншінің сөзінше, содан кейін ажырасу процесі басталған.
Сондай-ақ өнер иесі жұбайының бұрынғы отбасымен байланысына қатысты ұстанымын да білдірді. Ол Айқынның балаларымен және бұрынғы әйелімен араласуына ешқандай кедергі келтірмейтінін атап өтті.
Айта кетейік, Айқын Төлепберген АҚШ-тағы президент сайлауында кім жеңетінін болжағанын хабарлаған едік.
Айқын Төлепберген кім?
Айқын Төлепберген – қазақстандық танымал эстрада әншісі, композитор, ән авторы және продюсер. Ол 1982 жылы 10 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні – Айқын Нұртанұлы Төлепберген. Әнші Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде инженер-полиграфист мамандығы бойынша білім алған.
Айқын Төлепберген көпшілікке 2003 жылы “SuperStar KZ” музыкалық жобасына қатысу арқылы таныла бастады. Кейін 2006 жылы халықаралық “Новая волна” байқауында өнер көрсетіп, арнайы жүлдеге ие болды. Оның “Асылым”, “Жалғыз сен”, “Мен ғашықпын”, “Алтыным”, “Жалаң аяқ қыз” және басқа да әндері тыңдарман арасында кеңінен танылды.

Өнер иесі әншілікпен қатар кино саласында да бағын сынап, бірнеше отандық фильмге түскен. Сондай-ақ продюсерлік қызметпен айналысады. Оның жұбайы – әнші Жұлдыз Өмірғали. Екеуі шығармашылық жобаларға бірге қатысып, сахнада дуэт те орындайды.