Freedom Inside '26

Қазақстандықтар сәбиін құшағына қысып, курьер болып жүрген әйелді іздеп жатыр

Қазақстандықтар сәбиін құшағына қысып, курьер болып жүрген әйелді іздеп жатыр
Фото: әлеуметтік желі

Threads әлеуметтік желісінде арқасына курьерлік термосөмке асынып, қолына сәбиін көтеріп жүрген әйелдің фотосы көпшіліктің назарын аударды. Кадр қысқа уақыт ішінде кең тарап, желі қолданушылары арасында қызу талқылануда, деп хабарлайды ult.kz.

Жарияланым авторы суреттегі әйелдің кім екені әзірге белгісіз екенін айтып, оны тауып, байланыс орнатуға көмектесуді сұраған. Оның айтуынша, әйелге қолдау көрсеткісі келетін адамдар саны күн сайын артып келеді.

Фотода әйелдің бір қолымен нәрестесін құшағына қысып, екінші жағынан жұмысын атқарып жүргені көрінеді. Бұл көрініс көпшілікті бейжай қалдырмай, әлеуметтік желіде мыңдаған пікірдің жазылуына себеп болды.

Көптеген қолданушы әйелге қаржылай көмек көрсетуге дайын екенін білдірсе, кейбірі балалар киімі, азық-түлік және басқа да қажетті заттармен көмектесуге ниетті екенін жазған. Сондай-ақ суреттегі әйелді танитын жандардан хабарласу сұралған.

Желіде оның өмірлік жағдайына қатысты түрлі болжамдар айтылып жатыр. Қолданушылар әйелдің сәбиімен бірге жұмыс істеуіне қандай себептер әсер еткенін білгісі келетіндерін жеткізуде.

Әзірге әйелдің жеке басы мен жағдайына қатысты ресми ақпарат жарияланған жоқ. Соған қарамастан, әлеуметтік желі қолданушылары оған қолдау көрсету мақсатында жазбаны бөлісіп, іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.