Шатырда ондаған жыл бойы жатқан доллар толы сөмке нағыз қазынадай көрінуі мүмкін. Бірақ егер ондағы банкноттар әлдеқашан айналымнан шығарылған болса, оларды қазіргі үлгідегі ақшаға айырбастауға бола ма? Әлде мұндай табылған ақшаның құны жоқ па? Бұл сұрақтарға Tengrinews.kz тілшісіне Қазақстан Ұлттық банкі жауап берді, деп хабарлайды ult.kz.
Шатырдан табылған ақша
Tengrinews.kz редакциясына Қазақстан тұрғыны ерекше оқиғамен жүгінген. Оның айтуынша, бір жыл бұрын еліміздің өңірлерінің бірінен ескі саяжай сатып алған. Үйді тазалап, шатырдағы заттарды реттеп жүрген кезде ішінде қомақты көлемде АҚШ доллары салынған сөмкені тауып алған.
Кейін анықталғандай, барлық банкноттар ескі үлгідегі болған. Ер адамның айтуынша, бұл ақша үйде 1990-жылдардан бері жатқан болуы мүмкін. Оның болжамынша, бұрынғы иелері ақшаны жасырып қойып, кейін көшкен кезде немесе басқа себеппен ұмытып кеткен. Осыған байланысты ол екі сұрақ қойған: ескі долларларды қазіргі банкноттарға айырбастауға бола ма және мұндай олжа туралы мемлекеттік органдарға хабарлау қажет пе?
Ескі долларларды айырбастауға бола ма?
Ұлттық банктің Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабына сәйкес, айналымнан ресми түрде шығарылған шетел валютасындағы банкноттар төлем құралы болып саналмайды.
Алайда бұл оларды мүлде айырбастауға болмайды деген сөз емес.
Ұлттық банктің мәліметінше, шетелдік банктермен корреспонденттік байланысы бар қазақстандық банктер мұндай банкноттарды инкассо тәртібімен қабылдап, оларды шығарған банкке айырбастау үшін жібере алады.
Дегенмен банк клиентке алдын ала мынадай жайттарды түсіндіруге міндетті:
инкассо қызметінің шарттарын;
алынатын комиссия мөлшерін;
банк-эмитенттің айырбастаудан бас тартуы мүмкін екенін.
Комиссия мөлшерін әр банк өзі белгілейді. Бірақ ол ұсынылған банкноттардың номиналдық құнының 10 пайызынан аспауы тиіс.
Яғни, ескі долларлардың иесі осындай қызмет көрсететін банкке жүгіне алады. Банк белгілі бір комиссия алып, банкноттарды тексеру және мүмкін болған жағдайда айырбастау үшін оларды шығарған шетелдік банкке жолдайды. Алайда айырбастауға кепілдік берілмейді. Соңғы шешімді банк-эмитент қабылдайды.
Табылған ақша туралы хабарлау керек пе?
Ұлттық банк мұндай жағдайда әрекет ету тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттелетінін еске салды.
Кодекстің 245-бабына сәйкес, жоғалған затты тапқан адам оның иесіне хабарлауға немесе табылған мүлікті ішкі істер органдарына не ақша немесе өзге мүлік табылған жердегі әкімдікке тапсыру үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Сонымен қатар заңнамада табылған ақшаның ең төменгі немесе ең жоғарғы мөлшері көрсетілмеген. Демек, қанша ақша табылғанына қарамастан, бұл талап барлық жағдайда қолданылады.