Қайта қылмыс жасағандарға рақымшылық жүрмейді – ІІМ

Қайта қылмыс жасағандарға рақымшылық жүрмейді – ІІМ
İcma.az

Қазақстанда биыл шамамен 15 мың сотталған адам рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар рақымшылыққа қамтылатын азаматтардың санына қатысты сауал жолдады. Жауап берген Абай Қайырбеков алдын ала есеп бойынша рақымшылық шамамен 15 мың адамға қолданылатынын айтты.

Оның мәліметінше, олардың 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан азаматтар болса, 10 мыңға жуығы пробациялық бақылаудағылар.

Сондай-ақ комитет төрағасы өткен жылғы рақымшылық нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, былтыр 15 мың сотталғанның жазасы жеңілдетіліп, 2,3 мың адам мерзімінен бұрын босатылған. Алайда олардың сегізі кейін қайта қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Осыған байланысты жаңа заң жобасында бұрын рақымшылыққа ілініп, кейін қайта қылмыс жасаған азаматтарға рақымшылық қолдануды шектеу қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов елдегі рақымшылық шараларының алдын ала тетіктері әзірленгенін хабарлаған болатын.