Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған адамдардың қысылып қалу оқиғасына байланысты ұйымдастырушы ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның алдын ала мәліметінше, концертке сатылған билеттер саны алаңның белгіленген сыйымдылығынан едәуір көп болған. Соның салдарынан көрермендер шамадан тыс жиналып, адамдардың қауіпсіздігіне қатер төнген.
Оқиға кезінде 18 жастағы бойжеткен зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген.
Құқық қорғау органдары концертті ұйымдастырған 1984 жылы туған Л. есімді азаматтың ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар полиция әлеуметтік желілерде тараған адам өлімі туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ресми мәлімет бойынша, оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.
Айта кетейік, Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінен кейін қылмыстық іс тіркелді.
Қайрат Нұртас кім?
Қайрат Нұртас – қазақстандық танымал эстрада әншісі, актер әрі продюсер. Ол 1989 жылы 25 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген.
Өнер жолын жас кезінен бастаған әнші “Арман”, “Ауырмайды жүрек”, “Шыда жүрек”, “Алматы түні” және басқа да әндері арқылы көпшілікке танылды. Оның шығармашылығында махаббат, сағыныш және отбасы тақырыптары кеңінен орын алған.
Қайрат Нұртас әншілікпен қатар кино саласында да өзін танытып, “Өкініш” және “Арман” фильмдеріне түскен. Анасы Гүлзира Айдарбекова ұзақ жылдар бойы оның продюсері болып келеді.
2008 жылы Алматыдағы Республика сарайында алғашқы жеке концертін өткізген. Содан бері қазақ эстрадасындағы танымал орындаушылардың біріне айналды.