Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында депутаттардың қызметіне жоғары баға беріп, ел игілігі жолындағы еңбектері үшін алғыс айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысы депутаттардың ел мүддесін қорғап, халықтың талап-тілегін батыл көтергенін атап өтті.
«Еліміздің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтеріп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білдіңіздер. Жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың бір бөлігі алдағы уақытта Құрылтай құрамында жұмысын жалғастырып, ел дамуына үлес қоса беретініне сенім білдірді.
«Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан халық кеңесінде де өздеріңіздей сенімді, білікті азаматтар болуы керек деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент «Аманат» партиясы фракциясына және оның барлық мүшесіне сындарлы әрі жасампаз ұстанымы үшін ризашылығын жеткізді.
«Мен бүгін "Аманат" партиясы фракциясына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды және жасампаз ұстанымдары үшін алғысымды айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес Парламенттің қос палаталы жүйесі өз жұмысын тоқтатады. Енді заң шығару қызметін бір палаталы өкілді орган – Құрылтай жүзеге асырады. Осыған байланысты Парламент палаталарының бірлескен отырысы депутаттардың қазіргі құрамдағы өкілеттік мерзімін қорытындылаған соңғы жиын болды.