Павлодарлық жетім қыз 18 жыл кезекте тұрып пәтерсіз қалған (ВИДЕО)

Павлодарлық жетім қыз 18 жыл кезекте тұрып пәтерсіз қалған (ВИДЕО)
Фото: видеодан кадр

Павлодар қаласының 27 жастағы тұрғыны, жетім өскен Марина Харчук Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, әлеуметтік баспана алу мәселесін шешуге көмектесуін сұрады, деп хабарлайды ult.kz.

Маринаның айтуынша, ол бала кезінен, яғни 2008 жылдан бері әлеуметтік баспана кезегінде тұрған. 18 жыл күткеннен кейін оған 81 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер бөлінетіні туралы SMS-хабарлама келген. Алайда көп ұзамай бұл шешімнің күші жойылған.

Оған баспана беруден бас тартуға отбасының табысы белгіленген шектен асып кеткені себеп болған.

Марина «Қамқор Вагон» компаниясында алты жылдан бері жұмыс істейді. Ай сайын шамамен 300 мың теңге жалақы алады. Жолдасының да табысы шамалас. Осылайша отбасының жалпы айлық кірісі шамамен 600 мың теңгені құрайды.

Алайда әйелдің сөзінше, бұл қаражат баспана жалдау ақысына, балабақша төлеміне, азық-түлікке және басқа да күнделікті қажеттіліктерге жұмсалады. Сондықтан отбасының өз баспанасын сатып алуға мүмкіндігі жоқ.

Марина мемлекет белгілеген табыс шегінің отбасының нақты қаржылық жағдайын толық көрсетпейтінін айтып, мәселеге назар аударуды сұрады.

Ол Мемлекет басшысынан әлеуметтік баспана алу құқығын қайта қарауға және баспана мәселесін шешуге ықпал етуді өтінді.