Грузияның Телави қаласындағы қонақүйде ресейлік әйелді соққыға жығып, мұрнын сындырды деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Куәгерлердің айтуынша, жанжал әйелдердің орыс тілінде сөйлегенінен кейін басталған. Олардың сөзінше, бір топ қыз қонақүйдің балконында шампан ашып тұрған кезде сусынның бір бөлігі төменге төгілген. Сол сәтте төменде тұрған ер адамдардың бірі қыздардың орысша сөйлеп тұрғанын естіп, олардың бөлмесіне көтеріліп барып, жанжал шығарған.
«Құрбыларыммен бірге балконда шампан аштық. Сусынымыз төменге шашырап кетті. Төмендегі ер адамдардың бірі біздің орыс тілінде сөйлейтінімізді естіп, бөлмеге келіп, құрбымды соққыға жықты», – дейді оқиға куәгері.
Салдарынан әйелдің мұрны сынған.
Алайда Грузияның Ішкі істер министрлігі оқиғаның басқа нұсқасын жариялады. Ведомствоның мәліметінше, жанжал қонақүй маңында өтіп жатқан үйлену тойы кезінде туындаған. Тергеу дерегіне сәйкес, қыздар той қонақтарын балағаттап, музыкалық аппаратураға су шашқан. Осыдан кейін тойға қатысушылардың бірі олардың бөлмесіне көтеріліп, төбелес болған.
Sputnik Georgia мәліметінше, ұсталған азаматқа денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірді деген айып тағылған. Егер оның кінәсі дәлелденсе, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.